Бүгін мектебімізде «Маңғыстау облысының білім беру ұйымдарында білім сапасын арттырудың 2025-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарды» жүзеге асыру мақсатында «Мектептегі білім сапасын үшөлшемді әдістемелік жүйе технологиясын оқу процесіне енгізу арқылы кепілді түрде көтеру» тақырыбында облыстық деңгейдегі тәжірибелік семинар өтті.
Семинардың мақсаты – үшөлшемді әдістемелік жүйе технологиясын мектеп практикасына енгізу арқылы оқу сапасын арттырудың тиімді жолдарын көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және білім беру ұйымдарындағы басқару мен әдістемелік қызметтің үйлесімділігін арттыру.
Семинарға педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қараев, білім басқармасының басшысы А.Кумбаев, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, әдістемелік орталық директорлары, жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен директордың орынбасарлары, шебер-педагогтер қатысты.
Семинар барысында үшөлшемді әдістемелік жүйе технологиясының ғылыми-теориялық негіздері мен оны оқу үдерісіне тиімді енгізу жолдары талқыланды.
Семинар соңында білім беру ұйымдарына үшөлшемді әдістемелік жүйе технологиясын кезең-кезеңмен енгізуге байланысты ұсыныстар мен әдістемелік ұсынымдар жасалды.