Skip to content

Ағымдағы жылдың 20 мамырында мектебімізде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев…

Ағымдағы жылдың 20 мамырында мектебімізде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев білім беру саласының өкілдерімен кездесті.
Жиын барысында ұстаздар Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты қозғалған бастамалар мен реформалар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Ақтау қаласы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры Гүлден Иманғалиева Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын жеткізді.
– 2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішінде біздің мектепке қатысты да жаңалықтар бар. Бұған дейін №7 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Құрылтайда Мемлекет басшысы реновацияға қатысты нақты бағыт-бағдар беріп, 2026 жылы бұл мектеп заманауи талаптарға сай жаңғыртылатыны белгілі болды. Жөндеу жұмыстары, заман талабына сай кабинеттермен жабдықтау, сапалы асхана мен спорт залдардың болуы бізді ерекше қуантты, – деді Гүлден Иманғалиева.
Кездесу соңында Мәлік Отарбаев ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, білім беру саласының маңызын ерекше атап өтті.
– Елге қызмет ету, жас ұрпақты тәрбиелеу – үлкен мәртебе. Бұл мәртебе артқан сайын жауапкершілік те артады. Білім саласына қосқан үлестеріңіз зор. Мемлекетіміздің қазіргі идеологиясы – адамгершілік пен адамды құрметтеуге негізделген. Ал сіздер осы құндылықтарды жас буынға сіңіру жолында аянбай еңбек етудесіздер.
Маңғыстау өңірінің дамуы – сіздердің еңбектеріңіздің нақты көрінісі. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Президент кеңесшісі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *